ҚДКБҚ-да кепілдіктен жоғары сомасы бар салымшылар үшін тәуекелдер атап көрсетілді

316
Фотосурет: ҚР ҚНРДА

Ақша қаражаттарын банк салымдарында сақтау жыл өткен сайын халық үшін ақша жинаудың өзекті құралына айналуда. Салымшыларды пайыздық сыйақылардан бөлек, қаражатты онлайн-режімінде иелік ету мүмкіндіктері және депозиттердің сақталуына кепілдіктердің берілгендігі қызықтырады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Банк лицензиясынан айырылған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) салымшыларға кепілді өтем төлейді.

Өтем сомаларының көлемі шектеулі: 

  • 20 млн теңгеге дейін – теңгелік жинақ салымдар (депозиттер) бойынша;
  • 10 млн теңгеге дейін – теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша;
  • 5 млн теңгеге дейін – шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша.

Ақшаны банктегі шотқа салардың алдында әрбір салым түрі бойынша кепілдік берілген шекті сомаларды ескере отырып, ҚДКБҚ-ның бірқатар ақыл-кеңестеріне назар аударған жөн.  

Егер депозиттегі ақша кепілдік берілген максималды сомадан асатын болса:

сол ақшаның шекті сомадан асқан бөлігін салымшы таратылатын банктің тарату комиссиясынан кезектілік тәртібі бойынша алады. Бұл тәртіп банк заңнамасында жазылған. Міне, сондықтан ақшаны тарату комиссиясынан айлап, жылдап күтпес үшін және сақтандыру жағдайы туындай қалған жағдайда бүкіл ақшаны бірден алуға қол жеткізу үшін ҚДКБҚ жинақ ақшаны бір емес, бірнеше банкте орналастыруға кеңес береді. Өйткені кепілдік әрбір банк бойынша жеке-жеке беріледі.       

Егер салымшы бір банкте бірнеше депозит ашқан болса және оған қоса шетел валютасындағы депозиті бар болған жағдайда, сондай-ақ ағымдағы және карточкалық шоттарында ақшалары жатса:

өтем төлеу барысында бұл ақшалар бір-біріне қосылады, сөйтіп түптеп келгенде олар бойынша жиынтық кепілді өтем төленеді. Бірақ ол әрбір салым түрі бойынша шекті сомаларды ескере отырып, 20 млн теңгеден асырылмайды.  

Салымшылар өздерінің депозиттері бойынша кепілді өтемді онлайн режімінде кез келген уақытта есептей алады. Қор сайтының «Депозиттер және кепілдіктер» бөлімінде арнайы калькулятор бар.   

Таратылатын банктің депозиторларына кепілдіктен артық қалған ақшаларды тарату комиссиясы төлейді. Оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін 10 кезектілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға кепілдіктен артық ақшалар бойынша өтем сомалары төртінші кезектілік бойынша төленеді. Тарату комиссиясы туралы толығырақ мына жерден оқып білуге болады. 

Тағы да еске саламыз, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне ислам банктерінен басқа отандық банктердің барлығы (оның ішінде шетелдік банктердің Қазақстандағы филиалдары) кіреді. Өтем ақшаны төлеу барысында салымдар бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есепке жазылған сыйақылар да есепке алынады. 

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -