Ұйғыр самсасын таратамын

323
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде өзге ұлт өкілдерінен тұратын мерзімді әскери қызметшілердің қарасы қалың. Тілі басқа болғанымен тілегі бір сарбаздар қамшының өріміндей тату.

Бірінің қамын бірі ойлап, қаруластарына қолдау танытудан еш жалыққан емес. Бауырмалдығы бір атанға жүк болатын мерзімді әскери қызметшілердің бірі Рамзан Худайкулов. Ұлттық  ұлан қатарын Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашар ауылынан толықтырған жауынгер  ұйғыр  ұлтының  өкілі. Рамзанның атасы Кеңес одағы уағында Қытайдан қоныс аударыпты. Шығыс Түркістандағы атажұртын сағынып,  арагідік  көзі шыланатыны  бар екен жасамыстың. Алайда, мерзімді әскери қызметішінің туған жері Қазақстан болған соң, көнекөздің алабұртқан толғанысын сезіну қиын.

- Менің кіндік қаным тамған өлке  Жаңашар ауылы. Ауылдастарыммен тай-құлындай тебісіп, бейбіт аспан астында  бұғанам бекіп, қабырғам қатайды. Отан алдындағы борышымды абыройлы өткеріп, алдағы уақытта әскери салада қызмет еткім келеді. Жалпы, ұйғыр халқының мәдениеті көнеден қалыптасқан. Ұлттық ұлан сапындағы қаруластарым үшін де менің ұлтым қызығушылық танытар тақырып, - дейді қатардағы жауынгер.

Рамзан қаруластарына ұйғыр халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті жайынан азды-көпті сыр шертіпті. Алдағы уақытта ұлттық тағам түрлерінен  дәм татырмақ ниетте. Осылайша,  сан ғасырлық тарихты бастан кешірген ұйғыр ұлтының  болмысы мен ғұрпын әскери ортада  паш еткісі келеді.

- Ата-анам таяуда Өскеменге келіп, менімен жүздесіп қайтпақ.  Мен анама  ұлттық тағам түрін алып келсеңіз деп қолқа салдым. Өйткені, қаруластарымның біразы ұйғыр асханасынан мақұрым екен.  Күні кеше шешем  ұйғыр самсасы мен  шелпегін әзірлейтіндігін хабардар етті. Ұйғыр шелпегіне жусай қосылады. Дәмі өте керемет. Көнеден келе жатқан ұйғыр самсасын қос-қостап таратамын взвод жауынгерлеріне. Жалпы,  менің анамның алтын қолынан шыққан тағамдарды сарбаздардың сүйсініп жейтіндігіне нық сенімдімін, - дейді қатардағы жауынгер.

Мерзімді әскери қызметші  бірлік күні мерекесіне орай қаруластарын осылай қуантпақ. Қатардағы жауынгер  бір шаңырақ астында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажеттігін  өмірлік ұстанымына балайды. 

Рүстем Мұхамет-Рақым,  Өскемен қаласы ​​​​​​​

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -