Береке бастауы - бірлікте

338
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

Қилы заманда  бас сауғалаған  мыңдаған  өзге ұлт  өкілі  елімізден тұрақ тауып,  арқа төсіне қоныс тепті.  

Кешегі  «дос  болғанға  құшақ  ашар  туыспыз,  қас болғанға  қиып  түсер  қылышпыз»  деген  бабалар  сөзін  тұмар еткен  алып сақараның  иелері дархан даламыздан пана іздегендердің  кеуделерінен қақпай, әрқайсына есігін айқара ашып  қарсы алды.  

Бүгінде  әрбір  өңірге  дән  болып  егілген  ұлт  пен  ұлыстар  үрім-бұтағын  жайып,  мәуелі   бәйтерекке  айналып үлгерген.  

Бірлігі  жарасқан елде түтінін  түзу  түтеткен  өзге ұлттар қатарында  ала  шапанды  ағайындар  да бар. Айталық, құқықтық тәртіп әскерінің әлеуетін арттыруды әлімсақтан мақсат тұтып, жауынгерлік  қызметте  жаужүрек жанға айналған капитан Искандар Исамиддиновтің  қызметтік  жолы көпке үлгі.  Осы орайда  Ұлттық  ұланның  «Шығыс»   өңірлік қолбасшылығына қарасты  5518 әскери  бөлімінде қызмет  ететін  әскери қызметші 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні  қарсаңында  жылы  лебізін  жолдап,  мардымды  сұхбат берді.  

Искандар Кәрімжанұлы  1995  жылы  29 маусымда  Түркістан  облысы  Сайрам ауданы  Қарабұлақ ауылында  өмірге келіпті. Капитанның айтуынша,   ала  шапандылардың  басым бөлігі Кеңес одағында Қарабұлақ  елдімекенінің  суын ішіп,  ауасын жұтып,  шұрайлы  өлкені  сая  тұтқан көрінеді. Үйдің  үлкені  балаң  шағынан  спортты бойына  серік  етіпті. Бұған  бір  себепкер ұландықтың  атасы   болса керек-ті.  

Исамиддин қарт футболдан  құр алақан емес. Кеңес одағы кезінде  атағынан  ай  үркіп,  күн  жасырынған  «Пахтакор»   футбол  клубының  ойыншыларымен  бірге  жаттығу  жасаған көрінеді.  Көнекөздің немересі Искандардың  да  футбол  спортына   деген   құлшынысы  алабөтен  болыпты. Ауылда  аяқ доппен  кәсіби  түрде  айналысуға   мүмкіндік болмағандықтан,  Шымкент  қаласынан  оқуға мәжбүр болыпты.

Ол оқушы шағында  «Ордабасы»   футбол клубының  жасөспірімдер  топында   ойнапты.  Алайда,  Искандар  үшін  негізгі  құрамда  үнемі  ойнау  оңайға  соқпаған  көрінеді.  Қосалқы   құрамда  жүргенше,  елімді  қорғайтын  азамат атанайын деген  ол  мектептен кейін Петропавл  қаласындағы   жоғары әскери институтына түседі. 

- Мектеп  қабырғасында футбол менің  екінші  өміріме  айналған  еді.  Өйткені, мен алты жасымнан ала доптың аламанына ат ізін салдым. Қалалық, облыстық сайыстардан алған кубоктар мен медальдарға үй төрінен орын табылды. Ал, қазір Ұлттық ұлан сапындамын. Дегенмен әлі де бос уақытымда  әлемдік  доп  додаларын   тамашалауға  тырысамын. Жасөспірімдер  арасындағы  ойындарда  жартылай  қорғаушы  позициясында өнер көрсеттім. Сондықтан, мен футболда жартылай қорғаушылардың  ойын  үлгілерін  жиі  бақылаймын.  Осы орайда мен  үшін  хорваттық  Лука Модричтен асқан  үздік ойыншы жоқ.  Жалпы,  әскер мен футболдың  ұқсастығы өте көп. Екеуі де командадан тұрады. Яғни, әрбір  ойыншы сияқты әрбір әскери арасындағы  өзара  қимыл-әрекет  етене тығыз  болса,  белгілі бір   нәтижеге  жету де  ұтымды болмақ, - дейді капитан  Искандар   Исамиддинов. 

Искандар 2013 жылы Петропавл қаласындағы жоғары әскери институтына түсіп,   4  жылдан  кейін  оқуын   тәмамдайды.  Ал  2017 жылы   оны  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына  жолдамамен  жіберген.  Осылайша,  ол қызметтік жолын  Павлодар қаласындағы  5512 әскери бөлімінде  взвод командирі ретінде бастайды. Ал 2020 жылы Өскемен қаласындағы 3477  әскери  бөлімінде  взвод командирі  болса,  2022 жылы  5518 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы батальоны жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының командирі қызметіне ауысады.   

- Рота командирінің  қызметі  взвод командирімен салыстырғанда әлдеқайда маңызды. Мен мұнда келісімшарт бойынша әскери қызметшілер  мен  сарбаздарға жауаптымын.  Жалпы,  іс-қағаз жұмыстары да  едәуір көбейді, -  дейді капитан өз сөзінде. 

Сарбаздардың   алдында  үлгі  тұтар азамат ретінде танылып үлгерген   ол  ұйыған рота ұясының  керегесін  кеңейтіп, шаңырағын жоғары  көтеруге  бек кіріскен. Рота командирі әскери қызметінен бір мезет алшақ қалған емес.  Сұхбат барысында да әскери бөлімнің бақылау өткізу пунктінде әскери қызметшілерге  нұсқаулық беріп тұрды. Әр сөзін нықтап, санаға сіңімді жеткізген  Кәрімжанұлының алға қойған  жоспары  жүйелі,  мақсаты айқын.    

- Жауынгерлік  қамтамасыз ету  ротасынан күнделікті  бақылау өткізу пунктіне  әскери  қызметшілер  кезекші болып түседі.  Мен кезекшілерге  белгіленген  уақытта  нұсқаулық  сабақтарын  өткіземін. Адамдарды,  сондай-ақ  автокөліктерді   тексеру  сапасының  артуына жіті мән беремін.  Жауынгерлік  даярлық  кезіндегі   негізгі  іс-қимылдарды пысықтаймын, - дейді капитан Искандар Исамиддинов. 

Қызметте  беделді  ұландық  жанұяда  бір  атұстардың  ардақты  әкесі.  Ол бөбегін  балаң  шағынан  футбол  үйірмесіне  бергісі  келеді.  Оның айтуынша,   бірқатар  әскери  бөлімде  қызмет етсем де  өзге ұлт екендігін есіне салып,  ешкім  меселімді   қайтарып  көрмеген. Керісінше,   бағыт бағдар беріп, тонның ішкі бауындай  берекелі ғұмыр  кешуге шақырады екен.  Ол  Отанның бір  бөлшегі ретінде  қоғамнан өз  орнын тауып,  еңбек  етіп  жатқаны үшін   өзін  бақытты санайтындығын  алға тартады.

- Береке бастауы – бірлікте. Мамырдың  алғашқы  күнін  бірлік  пен ынтымақтың мерекесіне балаймыз. Атаулы мейрамда бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр кешуді үндейді. Өзбек пен қазақ тарихының тамырын бассақ түркі әлеміне сапар шегеміз. Яғни, бауырлас елміз. Жалпы, көптеген ұлттың  ортақ шаңырағына айналған  Қазақстан  бейбітшілік  пен  келісімді  жер-жаһанға паш етіп келеді.  Осы орайда қаймағы бұзылмаған  алаш жұртының бірлігі одан сайын нығая беруіне тілекшімін, - дейді капитан.  

Искандар рәуіштес тілі басқа тілегі бір ұлт өкілдері «Шығыс»  өңірлік қолбасшылығында қарқынды қызмет етіп келеді. Олардың әрқайсысы  Қазақстан халқының бірлігін нығайту  жолында барын салып,  бұқараны  достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге шақырады. 

Рүстем Мұхамет-Рақым Өскемен қаласы 

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -