Бірлігі жарасқан бақытты отбасы

1182
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Дана халқымыздың "Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады" деген сөзі бар. Тарих көшінде тағдыр айдап елімізге қоныс аударған әртүрлі ұлт өкілдері тәуелсіздіктің алтын бесігін тербеткен азат Отанымызда мәңгілікке тұрақтап қалды.  Қаншама ұлтқа жұмақ жай болған қасиетті мекенде ынтымақ, татулық, бірліктің арқасында түрі, тілі, діні бөлек жандар бір үйдің баласындай бақытты ғұмыр кешуде. Бүгінде түбі бір түркі жұртынан тараған ұлттардың араласып, туыстық қатынас құрып, бір отбасы болғандары көп-ақ, деп хабарлайды DKNews.kz.

Солардың бірі 6698 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген тәжік ұлтының өкілі - аға сержант Шакаров Хамза.

Аға сержант Шакаров Хамзаның отбасында өзге ұлтпен туысқан болған өзі ғана емес інісі де бар, ол неміс ұлтымен аралас өзбек қызын өзіне жар еткен. Сондықтан да бұл отбасын бірлігі мен берекесі жарасқан отбасы деуге болады.

Аға сержант Хамза Шакаров 1982 жылы 18 наурызда Жетісай ауданында дүниеге келген. Ұлты - тәжік. Отбасында інісі, ағасы, қарындасы бар. Атасының айтуынша ата-бабасы Өзбекстан Республикасының Жиззах деген қаласында тұрған. Соғыстан кейін 1950-ші жылдары Қазақстанға Жетісай ауданына қоныс аударған. 1999 жылы В. Терешкова атындағы орта мектепті аяқтап, 2000 жылы Талдықорған қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты 18404 әскери бөлімінде мерзімдік әскери қызметін өтейді. Әскерден келген соң, қашанда қара еңбектің қазаны қайнаған  ауылда қызмет табылатыны сөзсіз ғой, мақтаның отаны саналатын Жетісай өңірінде мақта өңдейтін орталықта жұмыс істейді. 2006 жылы Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің атқыштар батальонында келісімшарт бойынша қызметін бөлімше командирі болып бастайды. Кейіннен қарауыл бастығының көмекшісі, күзетудің инженерлік-техникалық құралдары маманы қызметіне ауысады.

2007 жылы жары Ұлжанмен танысады. Өмірін өнермен байланыстырған скрипкашы қазақ қызы - Ұлжанмен таныстығы үлкен махаббатқа ұласып, 2008 жылы отбасын құрады.

«Алғашында ұлтымыздың әртүрлі болуына байланысты әрқайсымыздың ата-анамыз үйленуімізге қарсы болғаны рас. Алайда бір-бірімізге деген сенім мен махаббатымыз бәрін жеңді. Ата-анамыз баталарын беріп, 2008 жылы бас қостық. Біз салт-дәстүрге келгенде бөлінбейміз, бастысы дініміз, сеніміміз бір, екі ұлттың да жоралғыларын жасап, сыйластықпен қарап, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Ұлжанның үйінде қазақтың салтын жасасақ, өзімнің отанымда өз ұлтым - тәжік халқының дәстүрін ұстанамыз» - дейді, аға сержант Шакаров Хамза.

Бүгінде берекесі мен бірлігі жарасқан шаңырақта Айруза, Кәусар, Дінмұхамед есімді ұл-қыздар өсіп келеді. Отбасында барлығы тәжік, қазақ тілінде еркін сөйлеп, қатынас жасайды.

Шымкент қаласындағы өнер ордасы Шымкент опера және балет театрында қызмет атқаратын жары Ұлжан: «Отбасымызда ұлттарымыздың әртүрлі екені мүлде білінбейді. Түбіміз түркі тілдес ұлттардан құралған соң тіліміз де, ұстанатын дәстүрлеріміз де ұқсайды. Бәріміз, тәжік, қазақ тілінде еркін сөйлесе береміз. Мен тәжік ұлтының өзіне тән дәстүрлерін сақтап, сыйластықпен қараймын, Хамза менің ұлтымның салтын ұмытқан емес. Үлкен қызыма қазақша «Ай», тәжікше «Руз» деген сөздерден құралған ай мен күн деген мағынаны білдіретін Айруза есімін бердік. Ал ұлымыздың есімін туған отанымыз Қазақстанның өсіп өркендеуіне үлкен үлес қосқан тарихи тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың құрметіне, сол кісідей елге қызмет етсін деп Дінмұхамед деп атадық. Жолдасымның ата-анасы өмірден озып кетсе де, олар барда берген тәлім-тәрбиесі – ұлтымыз бөлек болса да, басты  адамгершілік қасиеттер үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, отбасындағы ынтымақ пен бірлік бірінші кезектегі қағидамыз», - дейді.

Ия, бұл жандардың татулығы мен бірлігі берік отбасы болуына ұлттың да, тілдің де бөлек болуы еш кедергі болмады. Бастысы бір-біріне деген сенім мен сыйластық.

Сан ұлтқа сая болған кең-байтақ жерімізде ата-бабамыздан қалған ынтымақ, татулық, жанашырлық, мейірімділік сияқты адам жанының ізгі қасиеттері жас ұрпаққа үлгі болса, қоғамның бөлшегі әрбір отбасы бақыт мекеніне айналса, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз!

6698 әскери бөлімі

капитан Малика Шынжігітова

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -