Елге қызмет – ерен еңбек

1692
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне мемлекеттік маңызы зор бірнеше міндет жүктелген. Соның ішінде Қазақстан Республикасы үшін үлкен міндет болып отырған аса маңызды нысандарды күзету қызметі де бар. Бүгінгі әңгімеміз осындай Отан алдындағы міндетті бұлжытпай орындап қызметін адал атқарып жүрген Ұлттық ұланның қарауыл бастығы жайлы болмақ.

Оңтүстік астанадағы аса маңызды нысандарды күзету ісінде қалтқысыз қызмет атқарып отырған 3650 әскери бөлімінің қарауыл бастығы аға сержант Жандос Шағатаев өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқарып келеді.

Жандос 1980 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылында дүние есігін ашқан. Ол бала күнінен әскери адам болуды қатты қалаған екен. Балалық тілегі қабыл болып, 1998 жылы әр ер азамат үшін парыз саналатын Отан алдындағы борышын өтеуге шақырту алған.

Мығым денелі шымыр жігіт әскери дәрігерлік комиссиядан мүдірмей өтіп Ұлттық ұлан қатарына қосылады. Мерзімдік қызметін киелі Тараз шаһарының бел ортасында орын тепкен 5513 әскери бөлімінде абыроймен орындайды. Азаматтық өмірде әр істің басын шалып көреді. Дейтұрғанмен балалық шағынан көңілі әскери саланы қалаған  25 жасар жігіт Отан алдындағы қызметін жалғастыруды өзіне міндет етеді. Әскер жолы жауапкершілігі мол, абыройлы қызмет екенін түсініп, болашағын осы саламен ұштастыруды қалайды.

Сөйтіп 2005 жылы Алматы қаласындағы 3650 әскери бөліміне орналасып, келісім шарт бойынша қызметін сарбаз-атқыш лауазымынан бастаған. Кейін қызмет сатысы бойынша қарауыл бастығының көмекшісі лауазымына тағайындалады. Қазіргі уақытта қарауыл бастығы лауазымында қызмет атқарып жүр. Содан бергі өмірі қарауыл қызметімен тікелей байланысты. Осы қызметте келе жатқанына 20 жылға жуықтаған Жандос бұл бағыттағы қызметті жетік меңгерген. Өмірін әскери саламен байланыстырғанына еш өкінбейді. 

Аға сержант Жандос Шағатаев қазірде үлкен отбасының отағасы, 4 баланың арқа сүйер әкесі. Балалары алдында ата-аналық міндетін орындап, жұбайы Фарида екеуі ұл-қыздарын Отанды сүюге, еліне қызмет етуге тәрбиелеп келеді. Отан қорғау қызметінде міндетін абыроймен мінсіз атқарып жүрген Жандос Мырзакімұлы ІІІ, ІІ және І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ басшылық құрамының алғысына бөленуде.

"Бағынысыңдағы әр адамның іскерлік, моральдық қасиетін жете түсіне білу міндет. Қарауылға түсетін әскери қызметшілердің, төзімді, сабырлы болуы шарт. Қазіргі құрам бұл талапқа толықтай сай. Қарауылдық қызметке шыққан әрбір сарбаз міндетін жетік меңгерген. Сақшының құқығы, жеке бастарының заңмен ерекше қорғалатынын түсінген олар өздерінің бекітіліп берген нысанды сенімді күзетеді. Мен өз қарамағымдағы әскери қызметшілерге сеніп тапсырылған қызметін адал да, абыроймен атқарып шығатынына бек сенімдімін" Аға сержант Жандос Шағатаев

Осындай арда азамат қызметтің жілігін шағып, майын ішкен десек артық айтқандығымыз болмас. Жандос жиырма жылға жуық қызмет еткен уақыт ішінде міндетін абыроймен мінсіз атқарып келеді. Ал бұндай жауапты қызметті жоғары деңгейде атқару кез келген адамның қолынан келе бермейді.

"Әскери қызмет кезінде біз қарауыл бастығына бағынамыз. Қарауыл бастығының міндеті үлкен жауапершілікті талап етеді. Жеке құрамға, яғни бізге қызмет барысында көптеген тәжірибелерімен бөлісіп, ағалық ақылын айтып отырады" Ефрейтор Сұлтан Жұмахан

Әңгімемізді қорытындылай келе, құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілеріне ел игілігін еселеу жолындағы атқарып жатқан игі қызметтеріне тек алғыс білдіре отырып, биік белестерді бағындыруын тілейміз! Мемлекетіміздің берік тірегі, тәуелсіздігіміздің кепілі – Ұлттық ұлан қызметі арта берсін! Жаңа, әділетті Қазақстанның болашағы жарқын болсын.  

Ефрейтор Бексұлтан ӘДІЛХАН,

Алматы қаласы

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -