Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу

1414

Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары ретінде маған сенім артып, осы қызметке тағайындалған кезден бастап еліміздің бірқатар өңірлерін, атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстары, Шымкент және Алматы қалалары, сондай-ақ, аталған өңірлердегі аудан орталықтары мен ауылдарды аралап шықтық. Өңірлердегі халықпен бетпе-бет кездесіп, жергілікті маңызды мәселелерді талқыладық. Кездесулер кезінде Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларының орындалуы және осы бағытта Ассамблеяның атқарып жатқан жұмыстары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ортақ диалог жасадық. Жалпы алғанда, өңірлерде, әсіресе этностар көп шоғырланған аудандарда жағдай тұрақты, әрі барлығы тату-тәтті күн кешіп жатқанына көз жеткіздік. Бұл дегеніміз, әрине, ең алдымен мемлекеттік саясаттың дұрыс бағытта жүріп жатыр дегенді білдіреді.

Биылғы көктем еліміз үшін оңайға соқпады. «Ынтымақ болмай, іс оңбас» дегендей, өңірлерде су тасқыны басталысымен-ақ, біз Ассамблея мүшелері алдыңғы шепте жүрдік. Гуманитарлық көмек көрсету үшін Республикалық және өңірлік штабтар құрылып, тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп жатыр. Республикалық штабтың жетекшісі ретінде су басқан барлық өңірлерге бірнеше рет барып, тұрғындармен жүзбе жүз кездесіп, тілдесіп, қажеттіліктерін нақтыладық. Штаб өкілдерімен бірге зардап шеккен азаматтар мен құтқарушыларды ыстық тамақпен, киім-кешекпен, төсек-орындармен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп келеміз. Меценаттарымыздың демеушілігімен зардап шеккен өңірлерге 1500 тонна азық-түлік пен алғашқы қажеттілік заттарын жеткіздік. Бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 770 млн. теңгеге қайырымдылық және гуманитарлық көмегі жеткізілді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бүгінде Ассамблея меценаттары зардап шеккен елді-мекендерді қалпына келтіру жұмыстарына да кірісіп кетті. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысына 14 вагон цемент жөнелтілді және 5 жаңа үй тұрғызып беру жұмыстары басталғалы жатыр. Әрине, мемлекет тарапынан да қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Ең бастысы – өңірлердегі халқымыздың ұйымшылдығы мен ауызбіршілігі. Азаматтардың туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі – олардың апатпен күндіз-түні тынымсыз күресуінде анық байқалады. Бұл – ешқашан сарқылмайтын күш. Сіз су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір азамат мемлекеттің көмегінен тыс қалмайтыны анық. Оларға үйлермен бірге әлеуметтік объектілерді салу мәселесі де тұр. Бұл өте ауқымды жұмыс.

Ассамблея және қайырымдылық – егіз ұғым. Қайырымдылық – біздің бірлігімізді бекемдейтін іс. Былтырғы жылдың өзінде біз бір ғана «Мектепке жол» акциясы кезінде 7 мыңға жуық оқушыға қолдау көрсеттік.

Мемлекет әрдайым кәсіпкерлікті жан-жақты қолдап келеді. Президентіміз Құрылтайда елге жанашыр барша іскер азаматтарды қоғамға пайдалы әлеуметтік жобаларға көбірек мән беруге шақырды. Бұл жұмыстарды біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері өңірлердегі елді-мекендерде іске асырып келеміз.

Мәселен, былтыр Ақмола облысына қарасты Қабанбай батыр ауылы және Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласына Тәжік республикалық этномәдени орталығының меценаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Мансұр Мазбутұлы 17 мыңнан астам халықтың мұң-мұқтажын өз көзімен көріп, қоқыс полигонына айналған жерді ұтымды пайдалану мақсатында жоба құны 8 млн. болатын балаларға арналған спорттық алаңқай салып берді. Сондай-ақ, біздің меценаттар Түркістан облысында спорт кешенін және қазақ тілінде үш бірдей бала-бақшаны пайдалануға берді.

Биылғы «Алғыс айту» күні жарияланған республикалық «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында қолдауды қажет ететін қуықтай ғана бір бөлмеде 8 баласымен және асыраушысы жоқ 5 баласы бар екі отбасына қолымда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, елорда төрінен өз атымнан 2 жаңа пәтердің кілтін табыстадым. Осы акцияны әрі қарай белгілі меценатымыз «Cotton мақта» серіктестігінің директоры Абдухашим Боев қасиетті Рамазан айында Мақтаарал ауданындағы пәтер жалдап жүрген көп балалы екі отбасын баспанамен қамтамасыз етіп, 200 отбасыға азық-түлік таратып шықты. Әрине осындай игі істерде еліміздегі көптеген этнос өкілдері белсене атсалысып жатыр. Өйткені Қазақстан – баршамыздың ортақ Отанымыз.

Бұл айтылғандар біз атқарған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Отанымыздың одан әрі дамуына, әсіресе өңірлердегі елді-мекендердің өсіп-өркендеуіне қолдан келгенше атқаратын жұмыстарымыздың аясын кеңейте береміз. Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінде үлкен мән бар. Достық пен татулықтың темірқазығындай ел бірлігі – ең басты құндылығымыз, баға жетпес байлығымыз. Осылайша еліміздің ауыз бірлігі артып, әл-ауқаты жақсарса, өзгелермен тереземіз тең, керегеміз кең ел ретінде одан әрі дами беретініміз анық. Одан бөлек менің Қазақстандағы этностарға үндеуім – осы елде тусаңыз да, келіп тұрсаңыз да, мемлекеттік тілді құрметтеу азаматтық парызыңыз екенін ұмытпағаныңыз абзал.

Мемлекет басшысы мені осы Қазақстан халқы Ассамблеясына орынбасар етіп тағайындағанына ризашылығымды білдіремін. Және мұның маған жүктелген зор жауапкершілік екенін түсінемін. Себебі еліміздегі көптеген ұлыстар мен этностардың өзара татулығы мен достығын, мемлекетіміздің тұтастығын сақтаудағы саясатына атсалысу өте маңызды іс. Еліміз бен жеріміз үшін әрқашан өзіңіз айтқандай, адал адам болып, халқымызға қызмет етуге қашан да дайынмын. Биылғы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессияның тақырыбының өзі – Тәуелсіз мемлекетіміздің тұтастығы мен бірлігі үшін барша қауымды мемлекеттік саясатты қолдап, Қазақстан деген әлем танып келе жатқан Егемен елдің дамуына жан-жақты атсалысуда.

Біз Ассамблея меценаттары мен елге жанашыр азаматтар, бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз. Еліміз бен жеріміз үшін әрқашан Президентіміз айтқандай Адал адам болып, халқымызға қызмет етуге қашан да дайынмын! Бірлігіміз бекем, еңбегіміз жемісті болсын!

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -