"Астана Балет" сахнасында балет кеші: "Серенада" және "Ғашықтың тілі - тілсіз тіл"

480
Фотосурет: «Астана Балет»

10-11 мамырда «Астана Балет» театрының сахнасында бір актілі балеттер кеші өтеді. Америкалық неоклассика шебері Джордж Баланчиннің П.Чайковский музыкасына қойған «Серенада» балеті мен хореограф Мукарам Абубахриеваның (Авахри) Абай әндеріне қойылған «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...» хореографиялық вариациясы көрермен назарына ұсынылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бірінші бөлімде Джордж Баланчиннің П.Чайковский музыкасына қойылған неоклассика жауһары «Серенада» балеті көрсетіледі. Баланчин туындыларын репертуарына қосуды театр алғаш ашылған күннен жоспарлаған еді. Әйткенмен, балет премьерасы тек 2017 жылы өтті. «Серенада» хореографиясы аса күрделі әрі тартымды. Америкалық хореографтың өзіндік стилі мен мұндалап тұр. Осы балетті орындағанда әр қимылдың дәлдігі мен өзіндік сипатынан бөлек, эмоциялық көркемдігі де аса маңызды. Туындының тереңдігі мен көркін көрермен көкейіне жеткізу үшін орындаушылар шеберлік шыңына жетуі тиіс.

Хореографтың өзі, балеттерін сюжетсіз деп атағанын құп көрмейтін. Керісінше, «storyless» (баяндаусыз) деп айтқанды жөн санайтын. Расында да, бұл туындыларда баяндаудың түп негізі музыка еді. «Мен биші ретінде ойлаймын, балеттегі па бойынша ой түзеймін. Мен үшін кейіпкердің болмысы, сюжет, фәлсафа маңызды емес», - дейтін Баланчин.

«Баланчин хореографиясы – әртістердің талғамын өсіріп, би өнеріндегі стиль мен өлшемді сезінуге тәрбиелейді. Әртістер классикалық хореографияны көрсетудің өзге тәсілін игереді. Тәніңіз классиканың ұлылығын асқақтатқанымен, Баланчин хореографиясында белгілі бір дәрежеде ойнақылық, еркіндік көрініс табады. Осындай екіұдай күйде сюжет драматургиясы болмағанымен, сюжеттің өзі бар. Сюжет әрдайым болады. Алайда, ол музыкадағы немесе абстрактілі кескіндеме өнеріндегі сюжетке пара-пар», - деп есептейді Мукарам Авахри.

Екінші бөлімде хореография өнерін сүйер қауым ұлы ақын Абайдың поэзиясына арналған алғашқы туынды – Мукарам Абубахриева (Авахри) қойған, мазмұны терең фәлсафалық «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...» балетін тамашалай алады. Балетте заманауи композиторлар - Ренат Салаватов, Карл Дженкинс, Хамит Шаңғалиев пен Хусейнджон Изатилоевтардың музыкасы пайдаланылған.

Балет сегіз вариациядан құралған: Нұрға бөлену, Сегіз аяқ, Жыл мезгілдері, Көзімнің қарасы, Той бастар, Татьянаның хаты, Ақын мұңы, Желсіз түнде... Осы сегіз вариациядан суреткердің өмір жолын да аңғаруға болады: өзіне қуат берген туған жермен, шабыт сыйлаған құдіретпен байланысы, әйел затына деген нәзік сезімі, салтанатты сауық-сайраннан алған әсері мен жанына жақын адамды іздеуі, жалғыздықты ұғынуы және махаббаттың сарқылмастығы мен шексіздігін түсінуі.

Ұлы ақынның фәлсафалық ой толғамдарын суреттеген мазмұны терең туынды алғашқы қимылдарынан-ақ көрермен жүрегін баурап алады. Балетте сан түрлі, динамикалы әрі көркем хореографиялық лексика қолданылып, көптеген техникалық әдістер мен балетмейтерлік табыстарға куә боласыз.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -