Өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл ̶ менің тілім» атты байқау - конкурсы өтті

429
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
«Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын, кешегі, бүгінгі ғана емес, ертеңгі де тағдыры» Бауыржан Момышұлы

25 сәуір күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6656 әскери бөлімінде өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл  ̶  менің тілім» атты байқау - конкурсының бірінші кезеңі өтті. Мемлекеттік тіл  ̶  мемлекеттік ту, елтаңба, әнұран сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің бірі. Мемлекеттік тілді мемлекеттік рәміз ретінде қастерлеу барша азаматтардың қасиетті борышы. Тіл мемлекеттің тірегі әрі қорғанышы. Мемлекеттік тіл ел халқының бірлігінің бастауы, ұйытқысы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі  ̶  қазақ тілі. Қазақ тілін білу және оны қастерлеу  ̶  ел азаматтарының барлығының борышы.

Мемлекеттік тілді насихаттау, оның мәртебесін көтеру, тілді үйренуге деген ынтаны арттыру мақсатында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында «Мемлекеттік тіл  ̶   менің тілім» байқау - конкурсын өткізу әскери бөлімнің жыл сайынғы дәстүріне айналған. Бұл байқау - конкурстың басты мақсаты  ̶  әскери бөлімнің өзге ұлт өкілдері мен қызметкерлері арасында ортақ түсіністік пен сыйластықты нығайту және мемлекеттік тілді қастерлеп, қасиетті тұғырына көтеру.

Байқау - конкурс  ̶  «Бастау», «Өрлеу» атты екі айналымнан тұрды.

Бірінші айналым «Бастауда» байқауға қатысушылар сәлемдесіп, өзі және туған жері мен атқаратын қызметі туралы мемлекеттік тілде әңгімелеп берді. Бұл айналым қазақ ұлтының мәдени құндылықтарын насихаттап, патриоттық рух, туып өскен өңір мен Ұлттық ұланның имиджін көтеруге арналған.

Екінші айналым «Өрлеуде» қатысушылар сахналық қойылым мен өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар Отан, абырой, даңқ, міндет, отбасы, бала тәрбиесі және тіл туралы мақал - мәтелдер айтып жарысты. Бұл айналымның басты мақсаты  ̶  қатысушылардың шығармашылық және патриоттық рухын көтеру, қазақтың қанатты сөздерін білу, әзіл - сықақ пен тапқырлығы, жұртшылық алдында өз - өзін ұстай білуі мен алған білімдерін қызмет барысында пайдалана алуы сыналды.

Үшінші айналым «Баяндауда» қатысушылар арнайы тақырыптарда заманауи техникалық және бағдарламалық құралдарды пайдалана отырып әңгімелеп берді. Бұл кезеңнің басты тапсырмасы  ̶  қатысушының болмыс - бітімі, жүріс - тұрысы, дұрыс әрі көркем сөйлеу мәдениеті және заманауи құралдарды пайдалану қабілеті мен тапқырлығы сынға түсті.

«Мемлекеттік тіл  ̶  менің тілім» байқау - конкурсының қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен барлық кезеңдер бойынша үздік өнер көрсетіп, жүлделі бірінші орынды  ̶  1 жедел мақсаттағы батальонының 2 жедел мақсаттағы ротасы 3 взвод 3 бөлімше командирі орыс ұлтының азаматы кіші сержант Тиунов Владислав Арсентьевич иленді. Ол қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлеп байқау бойы өзге қатысушылардан озық болды. Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын, туындыларын көпшілік қауымға жеткізе түсіндіріп, мол сөздік қорымен таныстырып, «Поэзиясын» мәнерлеп оқып берді. Владислав енді Орал қаласында өтетін аталмыш байқау - конкурстың екінші кезеңіне жолдама алып, қайта өнер көрсетіп, бағын сынайтын болады.

Екінші орынды Бауыржан Момышұлының өмірі мен әскери өнердегі мол білімін, қанатты сөздерін көрермендерге жеткізген материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының автоматтық телефон станциясының бөлініс бастығы (станция бастығы) өзбек ұлтының азаматы Иристаев Илхамжан Икрамжанұлы иеленді.

Жүлделі үшінші орынды небәрі 27 жас өмір сүрсе де артына мол мұра қалдырған қаламгер Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Шығамын тірі болсам адам болып» өлеңін мәнерлеп оқыған жедел мақсаттағы батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының инженерлік – саперлік тобының аға маманы (нұсқаушы) чуваш ұлтының азаматы қатардағы жауынгер Гребенкин Александр Владимирович иеленді.

Одан бөлек орыс ұлтының өкілі, жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының инженерлік – саперлік тобының аға маманы (нұсқаушы) ефрейтор Рукомоев Артем Владимирович пен 1 жедел мақсаттағы ротасының 3 взвод
1 бөлімшесінің аға маманы (аға жүргізуші) орыс ұлтының өкілі қатардағы Сысуев Максим Константинович өнер көрсетіп, біліктілігі мен қазақ тіліне деген құрметтері үшін арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұлттың киесі тілінде. Тіл  ̶   адамды өркениетке жетелейтін рухани күш екенін біз ешқашан естен шығармауымыз керек. Бұл дегеніміз әрбір адам туған мемлекетін, туған жерін, туған елін, туған елдің тілін сүйіп қастерлеуі тіпті сол туған еліңнің тілінде түс көре білу керек деген ұлы ұғым жатыр. Біздің ел бақытты. Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Ал сол ұлттар өз ұлтының тілі мен мәдениетін сақтай отырып, мекен етіп жатқан қазақ елінің мемлекеттік тілі - қазақ тілін де өз тілдерімен қоса дамытып келе жатыр.

Қазақстанды мекендеген барша халыққа береке - бірлік, Отанымызға тыныштық, еңбекқор халқымыздың ісіне табыс тілейміз!

Лейтенант Молдашева Жазира, 6656 әскери бөлімі

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -