ЕҚЫҰ-да ұйымның құндылықтарын ілгерілетудегі Қазақстанның үлесін жоғары бағалайды

805



Словак астанасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ЕҚЫҰ СІМК) 26-шы отырысы аяқталды.

Іс-шара аясында қазақстандық делегацияны бастаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың екіжақты кездесулері ұйымдастырылып, олар халықаралық күн тәртібіндегі және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Словакия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы – ЕҚЫҰ төрағалығының арнайы өкілі Лукаш Паризекпен кездесу барысында ұйымның мақсаттары мен міндеттерін ілгерілетудегі екі елдің жемісті өзара іс-қимылы атап өтілді. Атап айтқанда, Словакия ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты Өкілдердің Орталық Азия елдеріне сапарымен байланыстырған ү.ж. 9 қазанда Нұр-Сұлтанда Ауғанстан бойынша «дөңгелек үстел» өткізу туралы Қазақстанның бастамасын қолдады. Аталған іс-шара Ауғанстанға көмек көрсету үдерісіне қатысатын негізгі халықаралық және өңірлік ұйымдар арасында синергия құрудың маңыздылығын, сондай-ақ біздің еліміздің медиатор ретіндегі әлеуетін көрсетті. Кездесуде сондай-ақ Словакияның Сыртқы істер министрі Мирослав Лайчак пен Парламент төрағасы Андрей Данконың биылғы жылы Қазақстанға сапарларымен белгіленген екіжақты қарым-қатынастардағы оң динамика туралы айтылды.

Сонымен қатар, Албанияның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Гент Цакаймен кездесу өтті. Оның елі 2020 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді. Қазақстандық дипломат алдағы Тирананың миссиясын қолдай отырып, Нұр-Сұлтанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ниетін тағы да қуаттады.

Финляндия Республикасы СІМ Тұрақты Мемлекеттік хатшысы Матти Анттоненмен әңгімелесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруы бойынша Финляндия Президенті Саули Ниинистёнің ҚР-ға жоспарланған сапарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Р.Василенко Ирландия Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Саймон Ковенимен екіжақты қарым-қатынастар мен іскерлік ынтымақтастықтың келісім-құқықтық базасын нығайту келешегін, оның ішінде Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдерінің бірлескен экспорттық өндірісін құру перспективаларын талқылады.

Еліміздің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын кеңейту мәселелерін талқылау үшін қазақстандық делегация ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер, Интерполдың Бас хатшысы Юрген Шток, НАТО Бас хатшысының орынбасары Мирча Джоанэ, сондай-ақ Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Бурианмен кездесті.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы 2010 жылы Қазақстанда ЕҚЫҰ саммитінде қабылданған Астана декларациясының маңыздылығын ерекше атап өтіп, ұйымның құндылықтарын ілгерілетудегі Нұр-Сұлтанның үлесін жоғары бағалады. Қазақстандық делегация басшысы сұхбаттасушыны ЕҚЫҰ аясындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту бойынша

Нұр-Сұлтан қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, бұған ұйымның барлық жауапкершілік аймағы бойынша құрылымдарының біркелкі орналасуы ықпал етуі мүмкін болар еді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, бұл үдерісті әр түрлі елдерде, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның азиялық бөлігінде жаңа институттарды құрудан бастауға болады. Сондықтан, Қазақстан ЭКСПО инфрақұрылымы базасында ЕҚЫҰ-ның тұрақты өзара байланыс жөніндегі Тақырыптық орталығын құру туралы бастаманы алға тартады, ол ұйымның экономикалық-экологиялық өлшемдегі жұмысын сапалы жаңа деңгейге шығаруға тиіс.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -