Азық-түлік қауіпсіздігі – еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты бағыттарының бірі

588



Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік және Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеттері бірлесіп өткізген дөңгелек үстелде мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Сенат комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед шараны аша келіп, азық-түлік қауіпсіздігі – еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты бағыттарының бірі екенін, сондай-ақ белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануға қажетті мөлшерде сапалы тағам көлемінің қолжетімді болуын қамтамасыз ету арқылы азаматтардың өмір сапасын арттыру басымдығын іске асырудың қажетті шарты болып табылатынын атап өтті.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу, ең алдымен, отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты. Сонымен қатар, асыл тұқымға, көшеттер мен тұқымдардың импортына тәуелділік сақталып отыр, отандық ауыл шаруашылығының қайта өңдеу өнеркәсібінің дамымай отырғаны, тиісті ветеринариялық және сантарлық-эпидемиологиялық бақылаудың болмауы салдарынан сапасыз азық-түлік өнімдерінің кездесетіні байқалып отыр.

Дөңгелек үстел барысында ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нұрбек Дайырбеков, сауда және интеграция министрінің орынбасары Азамат Асқарұлы, денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қамалжан Нәдіров сөз сөйледі.

Сенаторлар жерлерді қашықтықтан зондтауды пайдалану, пайдаланылмайтын жерлерді қайтару, құс етінің импортына тәуелділік, балалардың және спорттық тағамдардың сапасын қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдеріне ретро-бонустарға тыйым салу және басқа да бірқатар мәселелерді көтерді.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Төлеубек Мұқашев қазақстандықтарды қолжетімді отандық жемістермен және көкөністермен қамтамасыз ету мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

«Бізге импорттық тұқымдар мен көшет материалдары арқылы келген жеміс ағаштарының бактериалды күйігі сияқты ауру туралы бірнеше мәрте айтқан болатынмын. Өкінішке орай, отандық қорғау шараларының жүйесі нәтиже берген жоқ, ақыр соңында Қазақстанның барлық дерлік аумағында тамырларды түбірінен қопару және топырақты өртеу процесі жүргізілуде», деп атап өтті Т.Мұқашев.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев дөңгелек үстелді қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы Д.Назарбаеваның тапсырмасы бойынша алдағы жылдың ақпан айында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша Парламенттік тыңдау өтетінін, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қаралатыны туралы хабардар етті. Парламенттік тыңдауға дайындық аясында ауылшаруашылығы өнеркәсібі саласының өнімдерін өндірушілердің бірлестіктері мен қауымдастықтарының басшыларымен бірқатар кездесулер болды.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, Үкіметке жолданатын болады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -